Астанада Спорт күніне орай «ALMATY RUN» бұқаралық жүгіруі өтті
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қазақстан Республикасының Спорт күніне орай «ALMATY RUN» бұқаралық жүгіру шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Триатлон паркінде өткен спорттық шараға 2,5 мыңнан астам адам қатысып, 6,2 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Іс-шараның мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындарды тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға ынталандыру. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай айтты.
«ALMATY RUN» бұқаралық жүгіруі Астана қаласының әкімдігі, қалалық прокуратура, Алматы ауданының әкімдігі және Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтуде. Шара тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, белсенді демалысты насихаттауға бағытталды. Биылғы шараға тұрғындардың қызығушылығы жоғары болғаны байқалады. Бүгінгі іс-шараға 2,5 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Оның «ALMATY RUN» аталуының себебі – шара Алматы ауданында өтіп жатыр. Мұндай бұқаралық спорттық іс-шаралар тұрғындарды белсенді өмір салтына тартуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Жарыс алдында қатысушылар үшін жалпы дене қыздыру жаттығуы өткізілді. Ал жүгіруден кейін тұрғындар стритворкаут, йога, қол күресі және белтемірге тартылу секілді спорт түрлерінен ашық жаттығуларға қатысты. Сонымен қатар қатысушылар арасында 10 велосипед ойнатылды.

Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүгірушілер, қала тұрғындары мен қонақтары да қатысты.
Қатысушы Мардан Акрамхан бұған дейін де марафондарға қатысып жүргенін айтып, мұндай шаралардың халық үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгінгі іс-шараға өзімді сынап, жақсы нәтиже көрсету үшін қатыстым. Өзім негізі кәсіби марафоншымын. Осындай спорттық шаралар көбейе берсе екен. Астанада бұқаралық спортқа көңіл бөлініп жатқаны қуантады», – деді ол.

Шымкенттен келген дзюдошы Бахтияр Пернебек те спорттық шараның маңызын атап өтті.
«Спорт – денсаулық кепілі. Осындай іс-шаралардан халық қалыс қалмаса екен. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер», – деді қатысушы.

Ал үш жылдан бері жүгірумен айналысып жүрген Әсет Арнұрұлы 6,2 шақырымдық қашықтықты қиындықсыз еңсергенін айтты.
«Жүгіру жүрекке пайдалы, қан қысымын реттеуге көмектеседі. Бүгін үлкен кісілердің де жүгіріп, жастарға үлгі болып жүргенін көрдім. Әр адамды спортпен айналысуға шақырамын», – деді ол.

Қала тұрғыны Бибігүл апай үшін бұл – осындай бұқаралық жүгіруге алғаш қатысуы. Оның айтуынша, спорттық шаралар адамдарға серпін беріп, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады.
«Бүгін 6 шақырымға жуық жүгірістен ләззат алдым. Мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен. Жастардың көп қатысып жатқанын көріп қуанып тұрмын. Өзім де саябаққа барып, кунг-фумен айналысамын», – деді ол.

Іс-шараға Алматыда өткен марафондарға қатысқан Әсем Абатова да қосылды. Ол денсаулыққа көңіл бөліп, салауатты өмір салтын қолдайтынын айтты.
«Мұндай іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Күнделікті қозғалыстың өзі адам денсаулығына пайдалы», – деді қатысушы.




Еске салсақ, Спорт күні қарсаңында спорт қауымдастығы өкілдері марапатталды.