1 қыркүйектен бастап мектеп медицинасы жаңа форматқа өтеді

8 мамыр, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
1 қыркүйектен бастап мектеп медицинасы жаңа форматқа өтеді
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі балалардың мектептегі профилактикалық тексерулерін цифрландыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аппараттық жиында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық медициналық тексерудің бүгінгі моделі жеткілікті түрде тиімді емес екенін және тек формалды сипатта қалғанын айтты. Мәселелерді шешу үшін профилактикалық тексерудің моделін өзгерту, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ, функциялардың біразын орта буын медицина қызметкерлеріне беру көзделуде. 

«Бейінді мамандар тапшылығы мен медицина қызметкерлеріне түсетін жоғары жүктеме бір баланы қарауға бөлінетін уақыттың қысқаруына, үстірт диагностикаға және денсаулықтағы бұзушылықтарды анықтау деңгейінің төмен болуына алып келуде. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар балаларды есепке алу мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр», – деді өз баяндамасында Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Балаларды профилактикалық медициналық тексеру жүйесін жетілдіру мақсатында білім беру ұйымдарын цифрлық электрокардиографтармен, пульсоксиметрлермен, бой-өлшеуіш және таразылармен, отоскоптармен, сондай-ақ деректерді автоматты түрде жіберетін телемедициналық кешендермен жабдықтау жоспарлануда. Алдағы уақытта интраоральды камералармен, плантографтармен және авторефрактометрлермен қосымша жарақтандыру көзделген. Министр балалардың профилактикалық медициналық тексерулерін толық цифрландыруды және барлық деректерді Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне интеграциялауды, сондай-ақ баланың электрондық денсаулық паспортын қалыптастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Балалардың денсаулығына қатысты барлық деректер жүйелі түрде жинақталып, талданып және адам өмірінің барлық кезеңінде сүйемелденуі тиіс. Бұл бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етіп, ауруларды ерте анықтаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.

Ақмарал Әлназарова биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептерінде профилактикалық тексерулер мен мектеп медицинасының жаңартылған форматын кезең-кезеңімен енгізу туралы тапсырма берді.

Еске салсақ, елімізде денсаулық сақтау саласына ЖИ-ді енгізу тәртібі өзгерді.