Жұлдыз Сүлейменова: Кітап оқу мәдениетін дамыту - адами капитал сапасын нығайтуға арналған стратегиялық қадам
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қолдау білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бұл - елдің интеллектуалды әлеуетін арттыруға, адами капитал сапасын нығайтуға және жас ұрпақтың дүниетанымын дамытуға арналған стратегиялық қадам.
Қазіргі жаһандану және жасанды интеллект дәуірінде кітап оқу - білім алудың құралы болумен бірге, терең ойлау мәдениетін, сыни пайымды, тілдік сауаттылықты және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыратын негізгі фактор», - деп жазды ол.
Сонымен қатар, Жарлық аясында қолға алынатын іс-шараларды атап өтті. Олар:
-балалар мен жастар арасында тұрақты кітап оқу дағдыларын қалыптастыру;
-туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
-мектеп және қоғамдық кітапханалардың жаңа форматтарын дамыту; заманауи цифрлық кітапхана сервистерін енгізу;
-ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау;
-отандық авторлар және кітап индустриясын қолдауға байланысты жүйелі жұмыстар жүзеге асырылады.
Сонымен бірге, «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы жүзеге асырылып, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы әзірленеді.
Министр Оқу-ағарту министрлігі бұл бастаманы білім беру ұйымдарындағы тәрбие, тұлғалық даму және функционалды сауаттылықты арттыру аясында тығыз ықпалдастырып, жүзеге асыратынын айтты.
«Біздің мақсат - кітап оқитын, терең ойлайтын, ізденетін, зерделейтін білімді және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру.
Зерделі ұлт - кітаппен тәрбиеленген ұлт», - деп пікір білдірді ол.