Жазушы Валерий Михайлов «Барыс» орденімен марапатталды

7 қыркүйек, 2026
Жәнібек Амангелді Жәнібек Амангелді
Жазушы Валерий Михайлов «Барыс» орденімен марапатталды
Фото: kazpravda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық әдебиеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Валерий Михайлов 1946 жылы 7 қыркүйекте Қарағанды қаласында туған. Қазақ политехникалық институтының геофизика факультетін бітірген.

 Ол «Вечерняя Алма-Ата», «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газеттері мен «Простор» журналында еңбек етті. 1997-2003 жылдары «Казахстанская правда» газетінде басшылық қызмет атқарып, кейін ұзақ жылдар бойы «Простор» журналының бас редакторы болды.

Валерий Михайлов – поэзия мен проза жанрындағы жиырмадан астам кітаптың авторы. Жазушының кеңінен танылған еңбегінің бірі – Қазақстандағы 1930 жылдардағы қасіретті оқиғаларды арқау еткен «Хроника великого джута» шығармасы. 

Валерий Михайлов. Д.Досжановтың, Б.Мұқаевтың, т.б. қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған. Сондай-ақ «Жизнь замечательных людей» сериясымен оның Михаил Лермонтов, Евгений Боратынский және Николай Заболоцкий туралы кітаптары жарық көрді.

Ол – «Парасат», II дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты. 2024 жылы қаламгерге «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді.