Жаслан Мәдиев: Барлық мемлекеттік органдар QazTech платформасымен жұмыс істейді
Президенттің жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік қызметтер саласын қайта құру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстанда цифрлық өнімдерді әзірлеуге арналған бірыңғай орта – QazTech платформасы жүзеге асырылуда. Платформа осы жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс істейді және жаңа қызметтерді құру әрі пайдалануға беру мерзімдерін бірнеше жылдан бірнеше аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Үкімет қолданыстағы жүйелерді QazTech платформасына көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті. Бұл ретте: жүйелердің қайталануы жойылады, ескірген жүйелерді пайдалану тоқтатылады. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Жоспардан тыс тағы 25 жүйе бойынша көшіру және әзірлену жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 10 ақпараттық жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп тұр. Яғни жұмыс жоспардан озық қарқынмен жүргізілуде. Бүгінде барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді», - деп атап өтті вице-премьер.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда QazTech платформасынан тыс мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізілгені атап өтілді.
Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Президенттің экономика мен қоғам өмірінің барлық салаларын цифрлық трансформациялауды жеделдету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қызметтердің жасанды интеллект негізіндегі заманауи экожүйесін қалыптастыру мәселелері қаралуда.