Бүгінде қосымша жанармай бактарымен жабдықталған көлік құралдарына ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта 48 автокөлік өткізу пунктінде полиция қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері жалпы сыйымдылығы 150 тоннадан асатын қосымша бактарды заңсыз орнатудың 537 фактісінің жолы кесілді.
Мысалы, 2 қазанда Жамбыл облысында көршілес мемлекеттің азаматы жүк көлігіне рұқсатсыз көлемі 500 литр болатын қосымша бак орнатқаны анықталды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бак алынып тасталды.
«Жанар-жағармай материалдарының елден заңсыз шығарылуының жолын кесу жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Еске салайық, шілдеде шекарада 112 тоннадан астам контрабандалық жанармай тәркіленген болатын.