Жаңа оқу жылында жатақханаға байланысты мәселелер қалай шешіледі - комитет жауабы
Жатақханаға орналасу тәртібі, студенттерге көрсетілетін қолдау шараларына қатысты туындаған сұрақтар бойынша қайда жүгінуге болады? Маңызды сұрақтарға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
«Бүгінде елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, орын тапшылығын азайту және білім алушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмалары аясында елімізде 72 125 орындық 281 жатақхана пайдалануға берілді. Оның ішінде ЖОО студенттері үшін 51 323 орындық 182 жатақхана», - деп ақпарат берді А.Абылайхан.
Оның айтуынша, жатақханадағы орындар, ең алдымен, әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға басымдықпен беріледі. Атап айтқанда:
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге;
- мүгедектігі бар студенттерге;
- көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге;
- ауыл жастарына,
- «Серпін» жобасы арқылы білім алуға түскендерге;
- қандастарға, сондай-ақ басқа да әлеуметтік осал санаттарға жататын студенттерге беріледі.
«Студенттердің жатақханаға орналасуына байланысты мәселелерді жедел әрі тиімді шешу мақсатында жаңа оқу жылында Министрлік ситуациялық және дағдарыс орталықтарын ашты. Ситуациялық орталық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің базасында, ал дағдарыс орталығы М. Тынышпаев университетінің базасында ашылды», - дейді ол.
Яғни, ситуациялық орталық студенттерді жатақханадағы бос орындар туралы ақпаратпен қамтамасыз етсе, дағдарыс орталығы форс-мажорлық жағдайларда студенттерді уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Осыған байланысты жатақханаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда жоғары оқу орнының жатақхана мәселелері бойынша жоғары оқу орнында жұмыс істейтін ситуациялық орталыққа немесе өңірлік студенттік омбудсмендерге тікелей желісіне жүгінуге болады.
Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап жатақханада тұратын жетім балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға 29 АЕК-ке дейін, яғни 100 050 теңгеге дейін өтемақы қарастырылған.
«Құрметті студенттер! Қандай да бір мәселе немесе қиындық туындаған жағдайда, оны өз бетінше шешуге тырыспай, жоғарыда көрсетілген ресми байланыс арналарына жүгінулеріңізді сұраймыз. Министрлік өкілдері, жоғары оқу орындарының әкімшілігі және студенттік омбудсмендер білім алушылармен тұрақты байланыста және туындаған мәселелерді шешуге қажетті қолдау көрсетуге дайын», - дейді комтет өкілі.
Еске салайық, бұдан бұрын 2025-2026 оқу жылында елімізде 35 мың шетелдік студент білім алғаны туралы жаздық.