Референдум-2026

Ұлттық домбыра күнінде Астанада 10 мың оқушы челлендж жолдады

Ұлттық домбыра күнінде Астанада 10 мың оқушы челлендж жолдады
Фото: Астана әкімдігі

Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күніне орай Астана қаласында ауқымды республикалық челлендж бастау алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.


Астана қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» атты республикалық челленджге музыка пәні мұғалімдері мен оқушылар белсенді қатысып, ұлттық өнерді ұлықтауға өз үлестерін қосты.

Елорда бойынша челленджге 10 мыңға жуық оқушы қатысты. Олар музыка пәні мұғалімдерінің жетекшілігімен Астананың көрікті орындарында, мәдени нысандарында және қоғамдық кеңістіктерінде күй орындады.

Бастаманың негізгі мақсаты – оқушылардың өнерін көпшілікке таныстыру, бір-бірінің орындауын қолдау және еліміздің өзге өңірлеріндегі құрдастарын республикалық челленджге қосылуға шақыру.


Осылайша, елордалық оқушылар ұлттық өнерді ұлықтай отырып, домбыраның үнін бүкіл республикаға насихаттайтын мәдени эстафетаны бастады.

Челленджді алғашқылардың бірі болып Алматы, Шымкент қалаларының, Түркістан мен Батыс Қазақстан облыстарының білім беру ұйымдары қабылдап, ұлттық өнерді насихаттау ісіне белсенді атсалысты.

Домбыраның күмбірлеген үні арқылы қатысушылар халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауда.

Бұл бастама ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына, жастардың домбыраға деген қызығушылығының артуына және төл мәдениетіміздің кеңінен дәріптелуіне зор серпін беріп отыр. Әсіресе, білім беру ұйымдарының ұстаздары мен оқушыларының белсенділігі ұлттық тәрбиені нығайтып, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен рухани құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етуде.