Үкіметте цифрлық активтер саласын дамыту мәселелері қаралды

Бүгін, 10:35
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Үкіметте цифрлық активтер саласын дамыту мәселелері қаралды
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы цифрлық активтер саласын дамыту мәселелеріне арналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Цифрлық активтер әлемдік қаржы жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов өзінің баяндамасында бүгінде нарықтың жаһандық аудиториясы шамамен 750 млн адамды құрайтынын, нарықтың капиталдануы $2,3 трлн-ға жеткенін атап өтті. 2025 жылы стейблкоиндер айналымы $50 трлн құрады. Соңғы үш жылда токенизацияланған активтер нарығы 12 есе өсті.

Бүгінде Қазақстан дәйекті түрде өзінің реттелетін нарығын қалыптастырып келеді. 2025 жылғы шілдеде Ұлттық банк цифрлық активтер саласындағы жаңа өнімдер мен бизнес-модельдерді енгізу үшін «реттеушілік құмсалғышты» құрды. Қазіргі уақытта құмсалғышта 14 бағыт бойынша 34 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде стейблкоиндер, токенизациялық, криптобиржалар, кастодиандық және криптофиаттық сервистер бар.

2026 жылғы 1 мамырдан бері елімізде Орта Азиядағы алғашқы кешенді жалпыхалықтық цифрлық активтер нарығын реттеу моделі күшіне енді.

«Қазақстанның міндеті – бәсекеге қабілетті реттелетін нарық құру. Операциялар, өтімділік және капитал ел ішінде шоғырлануы тиіс. Бұл ішкі нарықты дамытуға және халықаралық қатысушыларды тартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Тимур Сүлейменов.