Тазару күні: Экология – тек мемлекеттің жұмысы емес, ол әрқайсымыздан басталады – Азаматхан Әміртай

Тазару күні: Экология – тек мемлекеттің жұмысы емес, ол әрқайсымыздан басталады – Азаматхан Әміртай
Фото: Азаматхан Әміртайдың жеке мұрағатынан

Бүгін – «Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні. Тазару күні республика бойынша түрлі ұлттық экологиялық шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ бұл күні ел азаматтары экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған мемлекеттік жобаларға қолдау білдіреді. Жалпы, халыққа қоршаған ортаны қорғау туралы түсінік кең насихатталып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға басымдық берілмек. Тақырып төңірегінде Elordainfo.kz тілшісі «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртаймен сұхбаттасты.

- Азаматхан Сайлауұлы, елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында біраз іс-шаралар жүзеге асып жатқаны белгілі. Экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы аяқ алысымыз қандай деп ойлайсыз?

-Бүгінгі күні Қазақстанда экологиялық мәдениет қалыптасу кезеңінде тұр. Соңғы жылдары бұл бағытта белгілі бір ілгерілеу бар. Заңдар қабылданды, мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды, түрлі бастамалар қолға алынды.

Конституцияға экологиялық нормалардың енгізілуі үлкен қадам. «Таза Қазақстан» сияқты бастамалар қоғамда экологиялық сананы оятуға бағытталған. Қалаларда қалдықтарды сұрыптау жүйесі қалыптасып келеді, жасыл энергетика жобалары іске қосылуда. Бұл дұрыс бағыттағы қозғалыс.

Негізгі мәселе көзқараста болып отыр. Бізде экология көп жағдайда «мемлекеттің міндеті» ретінде қабылданады. Ал дамыған елдерде бұл - әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Осы түсінікті өзгерту - бүгінгі күннің басты талабы.

Алайда ендігі кезең - сапалық өзгеріс кезеңі. Ең алдымен, экологиялық тәрбиені мектептен бастау қажет. Табиғатты қорғау әр баланың санасына ерте жастан сіңуі тиіс. Сонымен қатар, экономикалық тетіктерді күшейту маңызды, қайта өңдегендерге жеңілдік беріп, ластағандарға нақты жауапкершілік жүктеу қажет. Бұдан бөлек, ашықтық пен сенім мәселесі де өзекті. Халық экологиялық ахуал туралы толық әрі шынайы ақпаратқа қол жеткізе алуы тиіс. Ал жергілікті деңгейде әр аудан, әр ауыл өз табиғатына өзі жауап беретін жүйе қалыптасуы керек.

Бұл үдерісте халық өкілдерінің рөлі ерекше. Біздің міндет мәселені көтеру, оның орындалуын бақылау және халық пен билік арасындағы сенімді көпірге айналу. Экология  - тек саясаттың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Таза Қазақстан -   бұл тек ұран емес. Бұл - әрқайсымыздың күнделікті таңдауларымыздан басталатын өмір салты.

- Қарапайым адам өз қаласы, елі үшін не істей алады? Жалпы бұл күнде халықтың экологиялық белсенділігі қандай деңгейде?

- Қарапайым адам да өз қаласы, өз елі үшін нақты нәрсе істей алады. Мысалы, қоқысты сұрыптау бұл қиын нәрсе емес, тек әдет қалыптастыру керек. Суды үнемдеу, ағаш отырғызу, экологиялық акцияларға қатысу  бұның бәрі ұсақ көрінгенімен, үлкен нәтижеге алып келеді.

Тағы бір маңызды нәрсе  - немқұрайлы болмау. Егер біреу табиғатты ластап жатқанын көрсең, үнсіз қалмау керек. Бұл да негізі экологиялық мәдениетке жатады.

Жалпы, соңғы кезде халықтың экологиялық белсенділігі өсіп келе жатыр. Әсіресе жастар арасында бұл бағыт трендке айналды. Әртүрлі сенбіліктер, акциялар, волонтерлік жұмыстар көбейді. Бұл  - жақсы белгі. Бірақ әлі де бұл жүйелі деңгейге жеткен жоқ. Көп жағдайда науқан сияқты өтеді де, кейін ұмытылып кетеді. Сондықтан бізге, ең бастысы,  экологияны уақытша нәрсе емес, өмір салтына айналдыру қажет.

Өйткені таза қала да, таза ел де бір күнде пайда болмайды. Ол әр адамның күнделікті әрекетінен басталады.

Елімізде қоқыстарды қайта өңдеу мәселесі туралы не айтар едіңіз? Жасыл энергетиканы пайдалануда ше? Бұлақтардың көзін ашу, өзен-көлдерді тазарту мәселесі, ауа тазалығы жөнінде пікіріңіз қандай?

- Бүгінде елімізде экология саласында белгілі бір ілгерілеу бар екенін айта аламыз. Алайда бұл өзгерістер әлі жеткілікті деңгейде емес, сондықтан әлі де жүйелі әрі батыл қадамдар қажет.

Қоқысты қайта өңдеу мәселесіне келсек, соңғы жылдары бұл бағытта қозғалыс бар. Кейбір қалаларда қалдықтарды сұрыптау жүйесі енгізіліп, қайта өңдеу кәсіпорындары ашыла бастады. Дегенмен, жалпы қайта өңдеу деңгейі дамыған елдермен салыстырғанда төмендеу. Инфрақұрылым толық қалыптаспаған, ал халықтың сұрыптауға деген дағдысы енді ғана орнығып келеді. Сондықтан әр қалада толыққанды сұрыптау жүйесін қалыптастырып, жеке инвесторларды тарту және қалдықты ресурс ретінде қарау  - уақыт талабы.

Жасыл энергетика саласында да оң өзгерістер бар. Қазақстанда жел және күн электр станциялары іске қосылып, бұл салаға инвестициялар келе бастады. Бүгінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі біртіндеп өсіп келеді. Алайда жалпы энергетика балансындағы үлесі әлі жоғары емес. Сондықтан көмірге тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтып, баламалы энергия көздерін дамыту, сондай-ақ тұрақты базалық қуат ретінде атом энергетикасын қарастыру маңызды. Бұл бағытта отандық өндірісті де қатар дамыту қажет.

Су мәселесі  - ең өзекті әрі күрделі бағыттардың бірі. Бүгінде өзендердің тартылуы, су көздерінің ластануы және су ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселелері айқын сезілуде. Бұл - тек экологиялық емес, стратегиялық мәселе. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу, су қоймаларын жүйелі басқару және трансшекаралық су саясатын күшейту алдағы негізгі міндеттердің қатарында.

Ал ауа сапасына келсек, ірі қалаларда бұл мәселе ерекше өткір тұр. Әсіресе Алматыда ауаның ластануы халықтың денсаулығына тікелей әсер етіп жатыр. Оның негізгі себептері  - көмірге тәуелділік, автокөлік санының көптігі және өндірістік шығарындылар. Бұл бағытта газдандыруды жалғастыру, қоғамдық көлікті дамыту және өндіріс орындарын жаңғырту нақты нәтиже беретін шешімдер болып табылады.

Жалпы алғанда, бізде бағыт бар, алғашқы қадамдар жасалды. Енді ең маңыздысы,  осы бастамаларды жүйелі саясатқа айналдырып, нақты нәтижеге жеткізу.

- Аталған бағыттарда қандай шетелдік озық жетістіктерден үлгі алуымыз керек?

-Шетелдік тәжірибеге қарасақ, үйренетін нәрсе өте көп. Бірақ ең бастысы -   сол елдердің жүйесін толық көшіру емес, өзімізге бейімдеп алу. Мысалы, Скандинавия елдерінде қоқыстың 90%-дан астамы қайта өңделеді. Олар қалдықты проблема емес, ресурс ретінде қарайды. Тіпті кей жерлерде қоқыстан энергия өндіреді. Бізге де дәл осы көзқарас керек.

Германияда жүйе өте нақты жұмыс істейді. Әр адам қай қоқысты қай контейнерге тастау керегін біледі және соны қатаң сақтайды. Бұл жерде бастысы заң ғана емес, адамдардың жауапкершілігі. Бізде де осы мәдениетті қалыптастыру маңызды.

Жапонияда экология тәртіппен тікелей байланысты. Олар қоқысты аз шығаруға тырысады, қайта қолдану мәдениеті жақсы дамыған. Яғни, мәселені қоқыс пайда болғаннан кейін емес, пайда болмай тұрып шешеді.

Ал Сингапурда екі нәрсе қатар жүреді: қатаң заң және жоғары мәдениет. Сондықтан қала таза. Ереже бар, және оны бәрі орындайды.

Бізге осы тәжірибелердің бәрінен ең маңызды үш нәрсені алу керек: біріншіден - жүйе, екіншіден - жауапкершілік, үшіншіден - тәртіп.

Қазақстанда бұларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін экологияны тек мемлекеттік бағдарлама ретінде емес, әр адамның өмір салтына айналдыруымыз керек.

- Сұхбатыңызға рақмет! Наурыз құтты болсын!