Референдум-2026

«Таза Қазақстан»: Астанада қала кіреберісіндегі аумақ тазартылды

Бүгін, 16:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Таза Қазақстан»: Астанада қала кіреберісіндегі аумақ тазартылды
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Астанада қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және қалалық аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Акция аясында елорданың жас тұрғындарын экологиялық және қоғамдық пайдалы бастамаларға тартуға ерекше көңіл бөлінді.

Осыған орай Астана қаласының полиция қызметкерлері қала әкімдігінің еріктілерімен, «Байтақ» партиясының өкілдері мен еріктілердің қатысуымен елорданың кіреберіс бағыттарының бірі саналатын «Қарасу» су айдынының жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараға қатысушылар жағалаудағы және оған іргелес аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге өз үлестерін қосты.

Мұндай экологиялық бастамалар қала аумағын абаттандырумен қатар, тұрғындардың, әсіресе жастардың табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Акция барысында мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, волонтерлер мен белсенді азаматтар бір мақсатқа жұмылды.

Тазалықты сақтау – бір реттік науқан емес, әр азаматтың күнделікті жауапкершілігі. Қоршаған ортаға жанашырлық таныту мен қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау – жайлы әрі көрікті қаланың қалыптасуына қосылған ортақ үлес.

Еске сала кетейік, Астанадағы Ататүрік саябағында тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша рейд өтті.