Сенат экология мәселелері жөніндегі заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Бүгін, 12:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Сенат экология мәселелері жөніндегі заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Фото: Сенаттың баспасөз қзыметі

Сенат екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологияны жетілдіру және экономиканың жекелеген салалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, оны Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Депутаттар заң жобасындағы баптардың біріне жаңа редакция ұсынуына байланысты құжат қайта қарау үшін Мәжіліске жолданды.

Заң жобасында Жер, Орман, Кәсіпкерлік, Экологиялық және Су кодекстеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы жеті заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Сенатор Сұлтан Дүйсембиновтің айтуынша, құжат экология саласын цифрландыруға, қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіруге, климаттық реттеу мен көміртегі офсеттері тетіктерін дамытуға, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмыс тиімділігін арттыруға, сондай-ақ экологиялық реттеу мен мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.

Бұдан бөлек, заң жобасында мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізуге және қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыруға қатысты жекелеген нормалар нақтыланады.