Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты референдумның табысты өтуімен құттықтады

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты референдумның табысты өтуімен құттықтады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстандағы жалпыхалықтық референдумның табысты өтуімен құттықтады.

Қырғызстан Президентінің пікірінше, жаңа Конституция бойынша дауыс беру қорытындысы қазақстандықтардың Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру жолын толық қолдайтынын көрсетеді.

Мемлекет басшысы жылы лебізі және Қырғызстаннан байқаушылар жібергені үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ конституциялық реформа мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты.

Тараптар қазақ-қырғыз сан қырлы қарым-қатынасын одан әрі нығайту перспективасын талқылады. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты жан-жақты тереңдетуге ниетті екендерін растады.

Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар алдағы кездесулердің кестесін пысықтады.