Резидентураға түсуші талапкерлер осы аптада нені білуі керек?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылы резидентураға түсетін талапкерлерге өз өтінішінің мәртебесін мұқият тексеріп, конкурстық іріктеудің алдағы кезеңдерімен алдын ала танысуды ұсынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі талапкерлер алдағы іс-қимылдарын уақытылы жоспарлай алуы үшін негізгі мерзімдерді жариялады.
Егер талапкер республикалық бюджет қаражатының есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысса:
10 тамыз сағат 18:00-ге дейін «Қаралуда» және «Толықтыруды қажет етеді» мәртебелеріндегі өтініштерді өңдеу аяқталады.
11 тамыз сағат 13:00-ге дейін алдын ала ретт еу жүргізіліп, нәтижелердің жалпы тізімі жарияланады.
Апелляция беруге негіз болған жағдайда, өтінішті 12 тамыз сағат 13:00-ге дейін беруге болады.
Республикалық апелляциялық комиссия келіп түскен өтініштерді 13 тамыздан бастап 14 тамыз сағат 12:00-ге дейін қарайды.
14 тамыз сағат 13:00-ге дейін қорытынды реттеу жүргізіліп, соңғы нәтижелерді жариялау жоспарлануда.
Егер талапкер республикалық бюджеттің есебінен конкурсқа өтпеген болса бұл резидентураға түсу мүмкіндіктері таусылды дегенді білдірмейді. Талапкерлер жергілікті бюджет қаражатының есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы (ЖАО гранттары) бойынша конкурсқа қатыса алады. Өтініштерді қабылдау 12-17 тамызды қоса алғанда жүргізіледі.
18 тамызда реттеу нәтижелері жарияланады. Сондай-ақ ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі сақталады. Өтініштерді қабылдау 25 тамызға дейін, ал реттеу нәтижелерін 27 тамызға дейін жариялау жоспарланған.
Қазір не істеу маңызды?
Өтініштің мәртебесін тексеріп, конкурс нәтижелері мен одан кейінгі кезеңдер туралы ресми ақпаратты қадағалау керек.
Егер талапкер бір кезеңде конкурсқа өтпей қалған болса, келесі қолжетімді мүмкіндікті алдын ала қарастыру керек. Жергілікті бюджет қаражатының есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысына немесе ақылы оқуға қатысу және қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсыруға мүмкіндік бар.
Денсаулық сақтау министрлігі конкурстық рәсімдердің белгіленген мерзімдерде өткізілуін қамтамасыз етеді.
Қазір ең бастысы — белгіленген мерзімдерді өткізіп алмау және резидентураға түсу үшін көзделген барлық мүмкіндікті пайдалану.