Құрылыс саласында жаңа цифрлық жүйе іске қосылды
1 шілдеден бастап ҚР Құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылатын жобалар бойынша инженерлік іздестіру жұмыстарын жүргізу және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу Бірыңғай құрылыс порталы — Qportal.kz арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Порталда «бір терезе» қағидаты бойынша жобалаудың негізгі процестері цифрлық форматта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, шартқа қол қою, жоба бойынша жұмыс тобын қалыптастыру, техникалық тапсырма мен жұмыс кестесін әзірлеу және келісу, инженерлік іздестіру нәтижелері мен жобалау-сметалық құжаттаманы келісу, сондай-ақ инженерлік іздестіру және жобалау жұмыстары бойынша орындалған жұмыстар актілерін ресімдеу жүзеге асырылады. Барлық операциялар электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады.
Инженерлік іздестіру жұмыстары аяқталып, жобалау құжаттамасы әзірленген соң материалдар Qportal.kz арқылы сараптамаға жіберіледі. Осылайша, инженерлік іздестіру жұмыстарын жүргізуден бастап сараптаманың қорытындысын алуға дейінгі жобалау процесінің барлық кезеңі бірыңғай цифрлық ортада жүзеге асырылады.
Бірыңғай құрылыс порталымен (https://qportal.kz/info) жұмыс істеу жөніндегі толық нұсқаулықтар Порталдың басты бетіндегі «Тапсырыс берушінің нұсқаулықтары» бөлімінде орналастырылған. Сұрақтар туындаған жағдайда пайдаланушылар help@qportal.kz электрондық поштасы немесе +7 (7172) 57-37-30 телефоны арқылы көмекке жүгіне алады.