Астанада учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жеңілдетіп, қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған «Цифрлық учаскелік инспектор» жүйесі жұмыс жасауда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған цифрлық шешім учаскелік инспектордың күнделікті қызметіне қажетті негізгі ақпарат пен құралдарды бір ортаға біріктіреді. Жүйе арқылы қызмет көрсетілетін аумақ, оның тұрғындары туралы мәліметтер, интерактивті карта, профилактикалық есепте тұрған тұлғаларды бақылау және статистикалық деректер қолжетімді.
Жүйеде жасанды интеллект негізіндегі жергілікті көмекші де қарастырылған. Ол қызметкерлерге ресми құжаттар мен нормативтік материалдар негізінде қажетті ақпаратты жедел табуға және тиісті ұсынымдар алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте деректердің интернетке жіберілмей, ішкі цифрлық ортада өңделуі қамтамасыз етіледі.
«Цифрлық учаскелік инспектор» учаскелік полиция қызметкерлерінің рутиналық жүктемесін азайтып, қажетті мәліметтерді іздеуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүйе учаскелердегі ахуалды бақылауды, профилактикалық жұмысты жоспарлауды және қызмет нәтижелерін бағалауды неғұрлым тиімді әрі ашық жүргізуге жағдай жасайды.
Цифрлық технологияларды енгізу – полиция қызметін заманауи форматқа көшіруге, азаматтармен өзара іс-қимылды күшейтуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.