Қостанайда егін егу жұмыстары 5 млн гектардан астам аумақта жүргізіледі
Қостанай облысында егін егу жұмыстары бүгінде 603 мың гектардан астам алқапта жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Үкімет отырысында өңірдегі көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндады. Ол облыс бойынша егін егу жұмыстары 5 млн 140 мың гектар алқапта жүргізілетінін хабарлады.
«Жол картасының барлық көрсеткіштері орындалады. Оның ішінде негізгі дақылдар – бидай және майлы дақылдар бойынша да. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар және жемшөп дақылдарын егуге қажетті алқаптар алдын ала қарастырылмақ», - деді Құмар Ақсақалов.

Қазіргі уақытта егіс жұмыстары 603,5 мың гектар алқапта жүргізілгені атап өтілді. Шаруашылықтың барлық аумағы жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз етілген. Облыста 40 элиталық тұқым өсіру және тұқым өсіру шаруашылықтары жұмыс істейді. Бүгінде 270 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға шарттар жасалған, оның 236 мың тоннасы облысқа жеткізілген. Барлық техника дайын. «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасының арқасында 2025 жылы 38,3 млрд теңгеге 1,3 мың бірлік техника мен агрегаттар сатып алынды. Облысқа дизель отыны жеткілікті көлемде бөлінген, ол – 73,3 мың тонна.
Еске салсақ, көктемгі егін егу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 5 есе өсті.