Қазақстан құрамасы қысқы Паралимпиаданы 1 алтын, 1 қола жүлдемен аяқтады

Бүгін, 11:19
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстан құрамасы қысқы Паралимпиаданы 1 алтын, 1 қола жүлдемен аяқтады
Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Италияда XIV қысқы Паралимпиада ойындары аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасап.

Милан–Кортина қалаларында өткен Паралимпиадаға еліміздің 7 спортшысы екі спорт түрінен ел намысын қорғады. Атап айтқанда, пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан Ербол Хамитов, Нұрлан Әлімов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Анна Грачова болды.

Байрақты бәсекеде Ербол Хамитов пара биатлоннан 4,5 шақырымға із қуу жарысында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, ол пара шаңғы жарысынан 1 500 м  классикалық спринтте қола жүлдеге ие болды. 

«XIV қысқы Паралимпиада өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарысты 1 алтын және 1 қола медальмен аяқтады. Эстафеталық жарыста еліміздің командасы үздік бестікке енді. Бұл нәтижелер – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау мен параспортты дамытуға бағытталған ортақ жұмыстың жемісі. Дайындық кезеңінде мемлекеттік қолдау аясында спортшыларға жан-жақты жағдай жасалды. Соның ішінде команда дайындығына кешенді медициналық топ тартылып, үздік қысқы базаларда халықаралық оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ жаттығу процесіне Паралимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы, тәжірибелі халықаралық маман Роман Петушков консультант ретінде тартылды. Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұлттық құрама мүшелері жарыстарда жоғары деңгейдегі бәсекеде лайықты өнер көрсетті», - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Марат Қасқырбаев.

Айта кетейік, XIV қысқы Паралимпиада 6-15 наурыз аралығында Милан–Кортина қалаларында өтті. Жарысқа 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, пара шаңғы жарысы, пара биатлон, пара хоккей, тау шаңғысы, пара сноуборд және арбадағы керлинг спорт түрлері бойынша 79 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Ербол Хамитов Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды. Президент биатлоншы Ербол Хамитовты Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атануымен құттықтады