Қазақстан алғашқылардың бірі болып цифрлық майнингті реттеу тетігін құрды
Қазақстан алғашқылардың бірі болып саланы дамыту және электр энергиясын тұтынуды қадағалау үшін жағдай жасай отырып, цифрлық майнингті реттеуді түсінікті және ашық етіп құрды. Бұл ретте майнингті одан әрі дамыту энергиямен жабдықтау тетіктерін жетілдіруді және инвесторлар үшін анағұрлым тартымды жағдайлар жасауды талап етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Блокчейн және цифрлық майнинг қауымдастығының президенті Данияр Мүбараков мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол халықаралық тәжірибе көрсететіндей, энергетикалық және есептеу инфрақұрылымын дамытуда цифрлық майнингтің маңыздылығы зор екенін атап өтті. АҚШ-та бұл сала жыл сайын экономикаға $4,1 млрд-тан астам табыс әкеледі және 31 мыңнан астам жұмыс орнын құрады. Майнинг компаниялары, сондай-ақ энергия жүйесін теңестіруге де қатысады, энергетика инфрақұрылымына инвестиция тартып, деректер орталықтарын дамытады, бұл болашақта жасанды интеллект үшін пайдаланылатын болады.
Данияр Мүбараковтың айтуынша, Қазақстан саланы дамыту үшін бірқатар бәсекелестік артықшылықтарға ие. Олардың ішінде – ел басшылығының майнингке инвестициялар тартуға назар аударуы, саланы реттеуші ұйымның және индустриямен жүйелі диалогтың болуы, сондай-ақ «Цифрлық активтер туралы» заң түріндегі заңнамалық база бар. Сонымен қатар еліміз деректер орталықтарымен жұмыс істеуге мамандар дайындайтын өзінің техникалық мектебіне ие.
Десе де, саланың дамуына электр энергиясын Бірыңғай сатып алушыдан сатып алу кезінде құны жоғарылап кететіні және тәуліктің жекелеген сағаттарында ғана қуат профицитінің болуы кедергі болып отыр. Таңдау жасаған кезінде инвесторлар электр энергиясының құнын ғана емес, сонымен бірге энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын, құқықтық және салықтық реттеудің сапасын, сондай-ақ мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиясын да ескереді.
Қазақстанда крипторезерв құруды, стратегиялық майнингті дамытуды және электр стансаларын жаңғырту жөніндегі 70/30 бағдарламасын қоса алғанда, саланы дамытудың жаңа моделін қалыптастыру жөніндегі шаралар жүзеге асырылуда. Бұл қадамдар, индустрия өкілдерінің пікірінше, цифрлық майнинг еліміздің экономикалық және технологиялық күн тәртібінің бөлігі ретінде қарастырылатыны туралы сигналды қалыптастырады.
Қазақстанның позициясын одан әрі нығайту үшін 70/30 бағдарламасын жетілдіруді жалғастыру, электр энергиясын өндіру үшін ілеспе газды белсенді пайдалану, энергия қуатын бөлу тәсілдерін және майнингке салынатын салық жүктемесін қайта қарау, сондай-ақ цифрлық майнингті дамытудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеу ұсынылады.
Осы шараларды жүзеге асыру саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, энергетикалық ресурстарды тиімдірек пайдалануға және жасанды интеллект үшін сұранысқа ие есептеу инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.