Қарағандыдағы автогаз құю стансасына 670 мың теңге айыппұл салынды
Қарағандыдағы автогаз құю станциясы сұйытылған газды заңбұзушылықпен сатқаны анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Қарағанды тұрғынының шағымы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында Пригородная көшесінде орналасқан автогаз құю станциясы өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны анықталды.
«Атап айтқанда, нысанда сұйытылған газды сату кезінде пайдаланылатын УЗГС-01 типті автокөлікті газбен толтыру қондырғысы міндетті тексеруден өтпей пайдаланылғаны анықталды. Тексеруден өтпеген өлшеу құралын пайдалану өлшеудің дәл болмауына және тұтынушы құқығының бұзылуына әкелуі мүмкін», делінген хабарламада.
Салыстырып тексеруден өтпеген өлшеу құралын пайдалануға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы 1-бөлігі 2-тармағында жауапкершілік көзделген. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 670 мың теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар, кәсіпорынға газ отынын тарату колонкасын тексеруден өткізу жөнінде нұсқау берілді.
Еске сала кетсек, Ақтөбедегі автогаз құю бекетінде жарылыс болды.