Қарағандыда полицейден қашқан видеосын желіге жариялаған жігіт ұсталды
Қарағанды қаласында мотокөлікпен жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай қашқан әрекетін әлеуметтік желіде жариялаған 18 жастағы тұрғын анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жасөспірім эндуро санатындағы мотокөлікті басқара отырып, көшеде жылдамдық режимін бірнеше рет бұзған. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабын елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірген.
Ол өз әрекетін бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.
Патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, ұстады.
Оған қатысты: бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту, ішкі істер органдары қызметкерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамау, көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқару, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделді.
Құқық бұзушы уақытша ұстау камерасына қамалды. Жиналған әкімшілік материалдар заңнамаға сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Мотокөлік айыптұраққа қойылды.
Полиция жол қозғалысы ережесін қасақана бұзу, полицияның заңды талаптарына бағынбау және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттер үшін заң аясында қатаң жауапкершілік көзделгенін ескертеді.
Еске сала кетсек, елордада сауда үйінен алтын әшекей ұрлаған әйел ұсталды.