Қаныш Сәтбаев атындағы каналда жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірнеше өңір арқылы өтетін стратегиялық су арнасы Қаныш Сәтбаев атындағы каналды қайта жаңғырту жөніндегі Жол картасы кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда жоспарланған 17 трансформатордың сегізі орнатылған. Қалған жабдықтар жыл соңына дейін жеткізіліп, монтаждалады.

Жоба аясында сорғы жабдықтарын жаңарту да қарастырылған. Жалпы саны 19 агрегатты ауыстыру жоспарланса, қазіргі уақытта оның бесеуі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Жаңғырту жұмыстары сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған. Бұл, әсіресе, Қарағанды облысындағы елдімекендер мен өнеркәсіп кәсіпорындарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін маңызды. Су ресурстарына сұраныстың артуы жағдайында мұндай жобалардың маңызы күшейе түсуде», – делінген хабарламада.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы нысандарын дамыту департаментінің директоры Сағи Өтеловтің айтуынша, реконструкция каналдың ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп, су беру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын биыл Астанаға Сәтбаев атындағы каналдан қосымша су көзін тарту жұмысы басталатынын жазған едік.