Президент Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады
Мемлекет басшысы 2026 жылғы қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындысы туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Тимур Сүлейменов экономикадағы жағдай, іскерлік белсенділік, инфляцияға әсер ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтыну белсенділігінің тұрақталуы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы бірлесе қабылдаған жан-жақты шаралары ықпал етіп отыр.
Ол Президентке экономиканы кредиттеу динамикасы туралы мәлімдеді.
Оның мәліметінше, 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген кредиттерінің несие портфелі жылдық мәнде 17,1 пайызға ұлғайған.
Бұл ретте шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдеген. Ал тұтынушылық кредиттің өсуі жыл басындағы 21,0 пайыздан 13,0 пайызға дейін баяулаған.
Бұл қабылданған пруденциялық шаралардың тиімділігін және тұтынушыларды кредиттеу қарқыны қалыпқа келгенін көрсетеді. Осылайша, кредит ресурстары бизнесті қаржыландыруға көбірек бағыттала бастады.
Сонымен қатар, ол валюта нарығындағы жағдайдан, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің, сондай-ақ елдің алтын-валюта резервтерінің жай-күйінен хабардар етті.
Биыл 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127,3 миллиард долларды құраған.
Ал Alatau City қаржы экожүйесін дамыту мақсатында Ұлттық банк капиталдың жылдам әрі икемді қозғалысын қамтамасыз етуді және қаланың дамуына инвестиция тартуды көздейтін шаралар әзірледі.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірінші жартыжылдықта 2,3 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,7 триллион теңгеге ұлғайып, 27,8 триллион теңгені құрады.
Ұлттық банк төрағасы цифрлық қаржы активтері индустриясы мен Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бойынша тапсырмаларының орындалу барысын да таныстырды.
Трансшекаралық төлем жасау үшін стейблкоинді қолдану, инфрақұрылымды дамыту мен токенделген мемлекеттік активтерді шығару жаңа бағыттар ретінде аталды.
Оның айтуынша, төлем нарығының жаңа сегменті – лицензияланатын бірінші санаттағы төлем ұйымдары қолданысқа енгізілді. Бұл бәсекелестікті ынталандыруға мүмкіндік беріп, клиенттердің шығындарын азайтады және халық пен бизнес үшін инновациялық цифрлық сервистердің қолжетімділігін кеңейтеді.
19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында кез келген банктің клиенттеріне өзара QR арқылы төлем жасауға және телефон нөмірі бойынша ақша аударуға мүмкіндік беретін тетік іске қосылды. Жүйе жұмыс істей бастаған сәттен бері жалпы сомасы 170 миллиард теңге болатын 6,5 миллион операция өңделді.
Тимур Сүлейменов Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфляцияны орта мерзімде 5 пайызға дейін төмендету үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатқанын айтты.
Президент Ұлттық банк қызметі бойынша бірқатар міндет жүктеп, инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңызына назар аударды.