Олжас Бектенов әкімдіктерге жылыту маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды

Олжас Бектенов әкімдіктерге жылыту маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы жылыту маусымына энергия нысандарын дайындау барысын жергілікті жерлерде бақылауды күшейтіп, олардың уақтылы дайындығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазір энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына әзірлік паспорттарын алу жұмыстары басталды. Әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырамын. Энергия көздерінің, жылу және электр желілерінің жай-күйін тұрақты негізде тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысы мен қажетті материалдық ресурстардың болуын бақылауда ұстау қажет. Әзірлік паспортын алмай тұрып, жылыту маусымын бастап кететін болса, тиісті басшылар жауапкершілікке тартылады», – деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Энергетика министрлігіне, әкімдіктерге және энергетикалық компанияларға жөндеу жұмыстарын аяқтап, жаңа қуаттарды белгіленген мерзімде іске қосуды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Жалпы Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. «Самұрық-энерго» жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталуын ғана емес, жаңа қуаттарды іске қосуды да қамтамасыз етсін. KEGOC компаниясы желілер мен қосалқы станцияларды жөндеудің бекітілген кестесін орындауға тиіс. Жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастау қажет», – деді Олжас Бектенов.

Өңірлерге ерекше назар аударылды. Премьер-министр анықталған кемшіліктерді жедел жою қажеттігін атап өтті.

«Артта қалған әкімдіктерге орын алған мәселелерді тез арада жою қажет. Жылу беру маусымын кестеге сәйкес бастау керек, сонымен қатар ауа райының өзгеруі мен күннің суытуына қатысты уақтылы әрекет ету керек», – деді Премьер-министр.

Бұған дейін Олжас Бектенов KEGOC-ке оңтүстік өңірдің энергетикалық жүйесін күшейтуді тапсырған болатын.