Наурызнама-2026: Астанада Ұлттық спорт күніне орай дәстүрлі ойындардан әсерлі қойылым өтеді
Астана маңындағы «Арғымақ» ат спорты және ұлттық спорт түрлері клубында «Наурызнама-2026» онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне арналған арнайы көрсетілім өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Шара барысында көрермендер қазақтың дәстүрлі ат спорты ойындарын тамашалай алады. Атап айтқанда, қыз қуу, аударыспақ, көкпар және теңге ілу секілді ұлттық жарыстар көрсетіледі.

Сонымен бірге қазақы тазы иттері мен саятшылықта қолданылатын қыран құстардың көрмесі өтеді. Келушілер бүркіт, ителгі және қаршыға сияқты құстармен жақын танысу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, Қазақстанда Ұлттық спорт күні алғаш рет 2024 жылы атап өтілген. Мерекенің басты мақсаты — ұлттық ойындарды кеңінен насихаттап, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту және жастарды спортқа баулу.

Іс-шараға кіру тегін. Көрермендер «Арғымақ» клубына №10, №302, №303 және №308 бағытындағы автобустар арқылы жете алады.
Еске салсақ, бүгін Елордада Ұлттық спорт күніне орай 18 мыңнан астам бала бір мезетте асық ойнады.