Алдағы күндерде еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде жел күшейіп, жаңбыр аралас қар жауып, ауа температурасы төмендейді. Соның салдарынан көріну қашықтығы нашарлайды. Қолайсыз ауа райы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен қатар, жергілікті жолдардағы жағдайға да әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
«Мұндай жағдайда жолдағы ахуал күн ішінде өзгеруі ықтимал. Ауа температурасы төмендеген кезде жолдың ылғал жабыны тайғақ болуы мүмкін, ал жауын-шашын мен тұман көріну қашықтығын төмендетеді. Осыған байланысты жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықты таңдап, арақашықтықты сақтап, күрт маневрлерден аулақ болу маңызды», - деп ескертеді ведомство.
Көлік министрлігі әрбір сапар алдында:
• ауа райы болжамымен және бағыт бойынша жолдардың жағдайымен алдын ала танысуды;
• сапар уақытын ауа райы жағдайын ескере отырып жоспарлауды;
• белгіленген жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауды;
• көпірлерде, жол өткелдерінде және ашық учаскелерде ерекше сақ болуды;
• ауа райы күрт нашарлаған жағдайда сапарды мүмкіндігінше кейінге қалдыруды ұсынады.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін «ҚазАвтоЖол» call-орталығынан 1403 нөмірі арқылы алуға болады.
Еске салайық, бұған дейін елордада қатарынан бес жеңіл автокөлік өртеніп кеткені туралы жаздық.