Header Banner

«Кітап оқитын ұлт» марафонында астаналық оқушылар үздік нәтиже көрсетіп жүр

Бүгін, 15:55
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Кітап оқитын ұлт» марафонында астаналық оқушылар үздік нәтиже көрсетіп жүр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында оқушылар арасында кітап оқу марафоны жалғасып жатыр. Әдебиет әлеміне қызығушылығы ерекше жас оқырмандар білім мен таным бәйгесінде өзара бақ сынап, оқыған кітаптарының саны бойынша үздіктер қатарынан көрініп жүр. Олардың арасында мыңнан астам кітап оқып, қатарластарына үлгі болып жүрген оқушылар да бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Марафон көшін бастап тұрғандардың бірі – Смағұл Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназиясының 5 «Е» сынып оқушысы Кәусар Байсақова. Ол бүгінге дейін 1000-нан астам кітап оқыған. Кәусардың кітапқа деген қызығушылығы 3-сыныптан басталған. Содан бері әдебиет әлеміне терең бойлап, кітап оқуды сүйікті әдетіне айналдырған. Кітапқа деген сүйіспеншілігі ағылшын тілін де еркін меңгеруіне ықпал еткен.

Кітап оқу марафонында ағайынды Хегай Милана мен Хегай Богдан бар. Олардың әрқайсысы 1000 кітаптан оқып, жалпы саны 2000 кітапқа жуық әдеби мұрамен танысқан. Ағайынды оқушылар кітап оқуды отбасылық дәстүрге айналдырып, үйінде жеке кітапхана қорын қалыптастырған. Олар Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаев сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын сүйіп оқиды. Сонымен қатар шытырман оқиғалы туындыларға да қызығушылық танытады. Милана мен Богдан қазақ тілінде білім алып, ұлттық әдебиеттің асыл мұраларын оқып жүр.

Ы. Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Батыр Балтабеков қатысып жатыр. Ол соңғы үш жылда 800-ден астам кітап оқып, қазақ және әлем әдебиетінің классикалық шығармаларымен танысқан. Сүйікті авторларының қатарында Мұхтар Әуезов, Абай Құнанбайұлы және Мұқағали Мақатаев бар. Батыр қазақ және орыс тілдеріндегі әдебиеттерді оқығанды ұнатады. Кітаптан алған әсері мен білімін шығармашылықпен ұштастырып, бүгінде өзі де қалам тербеп жүр.

№36 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Анисимова Вероника да қатысуда. Ол елордадағы сегіз кітапхананың қорынан 800-ден астам кітап оқып шыққан. Бос уақытының басым бөлігін кітап оқуға арнайтын Вероника үшін әдебиетпен сусындау күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

Мыңдаған кітапты парақтап, әдебиет әлеміне терең бойлаған бұл оқушылар – елордадағы жас оқырмандардың жарқын үлгісі. Олардың жетістігі кітап оқудың жай ғана әуестік емес, табандылықты, ізденісті және үздіксіз дамуды талап ететін өмірлік дағды екенін көрсетеді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасының басты мақсаты да – осындай білімге құштар, ойы озық, рухани дүниесі бай ұрпақ қалыптастыру. Өйткені бүгінгі кітапқұмар бала – ертеңгі білімді ұлттың негізі.

Еске сала кетейік, Әкелер одағы елімізде энергетикалық сусынға толық тыйым салуға үндеді.