Кентау Назарбек: Наурыз – қазақ үшін ежелден ерекше мереке
Композитор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елордадағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының вокал және аспаптық бөлiмдер жетекшісі Кентау Назарбек қазақ елін Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Наурыз мейрамы – қазақтың төл жаңа жылы. Бұл кезде дүние жаңарады, жер жүзі тазарады. Бұрын қыс бойы көріспеген жақын-жуық осынау Наурыз келе, бір-бірімен қауышып, табиғат түлеп, көк шығып, мал төлдеп, жұртымыз ерекше қуанышқа кенелген. Наурыз – жыл басы, қазақ үшін ежелден ерекше мереке», – деді Кентау Назарбек.
Бұған дейін Наурыз туралы «Жаңа жыл келді жар сала» деген ән шығарған композитор енді «Наурыз келді наздана» деген жаңа ән шығарып жатқанын атап өтті.
«Қазақ елі мен Астана жұртын келіп жеткен жаңа жылмен құттықтаймын. Жаңа жыл халқымызға мол жақсылығын ала келсін. Еліміз өркендей берсін», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Бұдан бұрын Жаңару күні елордалық зейнеткерлер театрландырылған көрініс көрсеткенін жаздық.