Қостанайда кезекте тұрған азаматтарға арналған тұрғын үйлердің талапқа сай болмауы анықталды

12 қазан, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қостанайда кезекте тұрған азаматтарға арналған тұрғын үйлердің талапқа сай болмауы анықталды
Фото: Magnific.соm

Қостанай облысында кезекте тұрған азаматтарға, оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы тұлғаларға  арналған тұрғын үй заң бұзушылықтармен сатып алынған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қостанай облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Бюджет, тұрғын үй және құрылыс заңнамасының талаптарының сақталуына жүргізілген тексеру барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жалпы құны 42,3 млн теңгеге екі пәтерлі тұрғын үйден екі пәтер сатып алғаны анықталды.
 
Алайда сатып алынған тұрғын үй белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Атап айтқанда, пәтерлер қарапайым әрлеу жағдайында болған, жылыту және газбен жабдықтау жүйелеріне қосылмаған. Үй-жайларды жылыту үшін электржылытқыштары пайдаланылған, бұл ретте қажетті техникалық шарттар болмаған.

«Прокурорлық қадағалау нәтижелері бойынша өнім беруші анықталған кемшіліктерді жедел түрде жойып, тұрғын үйді белгіленген талаптарға сәйкестендірді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әкімдік тарапынан осындай заңбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Енді сатып алынатын тұрғын үй уәкілетті органдардың қатысуымен алдын ала комиссиялық тексеруден өткізіледі.
 
Жол берілген заң бұзушылықтар үшін жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, бұдан бұрын ШҚО-да заңсыз есептен шығарылған үш жетім бала тұрғын үй кезегіне қайта қойылғаны туралы жаздық.