Келесі жылдан бастап қағаз еңбек кітапшалары цифрлық форматқа көшіріле бастайды - Ербол Тұяқбаев
ҚР Парламенті Сенатында өткен брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев журналистердің цифрландыру жағдайында қағаз еңбек кітапшаларын қолдану перспективасына қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, қағаз еңбек кітапшасы біртіндеп өзектілігін жоғалтып келеді. Оның сөзінше, еңбек қызметі, зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік төлемдер туралы мәліметтердің барлығы мемлекеттік ақпараттық жүйелерде сақталатын қазіргі цифрлық дәуірде қағаз құжат айналымын жүргізу азаматтар мен жұмыс берушілер үшін артық жүктеме болып отыр.
«Жасанды интеллект дәуірінде қағаз еңбек кітапшасының қажеттілігі күн өткен сайын азайып келеді. Бүгінде мемлекет азаматтың еңбек жолы туралы мәліметтерді қағаз құжатсыз-ақ көре алады. Миллиондаған адам еңбек кітапшаларын сақтауға, жоғалған жағдайда қайта қалпына келтіруге уақыт жұмсайды. Ал жұмыс берушілердің кадр қызметтері әлі де болса ауқымды қағаз құжат айналымын жүргізуге мәжбүр. Сондықтан егер барлық ақпарат цифрлық форматта бар болса, неге ол автоматты түрде расталмауы керек деген заңды сұрақ туындайды» – деді бірінші вице-министр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қызметін есепке алу жүйесін одан әрі цифрландыру бағытындағы тәсілдерді пысықтауда. Жоспарға сәйкес, келесі жылдан бастап қағаз еңбек кітапшаларынан кезең-кезеңімен бас тартып, толық цифрлық форматқа көшу жөнінде нақты шешімдер қабылданады.
«Қызметкер өзінің еңбек өтілі туралы ақпаратты бірнеше секунд ішінде телефон арқылы көре алуы тиіс, ал жұмыс беруші мұрағаттарды ақтармай-ақ және қосымша сұрау салуларсыз расталған еңбек өтіліне қол жеткізуі қажет. Біздің мақсатымыз – сенімді деректерді алуды толық автоматтандыру, артық бюрократиядан, қағазбастылықтан және құжаттардың жоғалу қаупінен арылу», – деп түйіндеді Ербол Тұяқбаев.