Қазақстандық май зауыттары Қытаймен 108 млн долларлық келісім жасасты

Қазақстандық май зауыттары Қытаймен 108 млн долларлық келісім жасасты
Фото: АШМ

Қазақстандық май өндіруші кәсіпорындар Шанхайда өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) жалпы құны 108 млн АҚШ долларын құрайтын экспорттық келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрмедегі Қазақстанның ұлттық павильонында Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы мен отандық тоғыз май зауыты өз өнімдерін таныстырды.

Қауымдастықтың атқарушы директоры Александр Яшковтың айтуынша, соңғы бес маусымда қазақстандық май өнімдерінің экспорты бес есе артқан. 2025-2026 маусымының қорытындысында экспорт көлемі 1,8 млн тоннадан асып, одан түскен кіріс 1 млрд 233 млн АҚШ долларына жеткен.

Қазір қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Олардың қатарында Қытай, Орталық Азия, Еуропалық одақ және Таяу Шығыс мемлекеттері бар.

Қытай қазақстандық май өнімдерін импорттайтын елдер арасында екінші орында тұр. Соңғы бес маусымда Қазақстаннан Қытайға экспортталған өсімдік майлары, шрот пен күнжарадан түскен валюталық түсім 385 млн долларға артып, 438 млн АҚШ долларына жеткен.

«Қазақстандық май өнімдері Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Мұны жыл сайын миллиондаған долларды құрайтын келісімшарттардың жасалуы да растайды. Қытай нарығының ауқымдылығы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік береді», – деді Александр Яшков.

Оның мәліметінше, биылғы маусымда Қытайдың өсімдік майлары, шрот пен күнжара импортының жалпы көлемі 16 млн тоннаға бағаланып отыр.

Көрме аясында «Шыңжаңға инвестиция салыңыз» атты таныстырылым да ұйымдастырылды. Онда қазақстандық май өнеркәсібінің даму мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуеті таныстырылды.

Бұған дейін Қазақстанда күнбағыс майын өндіруден қалған қауыз экспорттық табыс көзіне айналып келе жатқаны, биылғы тоғыз айда еліміз түйіршіктелген күнбағыс қауызын шетелге сатудан 3,4 млн доллар табыс тапқаны хабарланған еді.