Kaspi.kz-те жүктілік пен босану бойынша төлемдерді онлайн рәсімдеу іске қосылды

Бүгін, 16:04
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Kaspi.kz-те жүктілік пен босану бойынша төлемдерді онлайн рәсімдеу іске қосылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Енді жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бұған дейін жүктілік пен босануға байланысты төлемді рәсімдеу үшін болашақ анаға Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) баруға, қажетті құжаттарды жинауға және өтініш беруге уақыт бөлуге тура келетін. Енді бұл қызметті онлайн алуға болады. Сонымен қатар өтінішті бұрынғыдай eGov.kz порталы арқылы электронды түрде беруге мүмкіндік бар.

Жаңа қызметтің іске қосылуына қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев министрлік азаматтарға көрсетілетін қызметтерді барынша жеңілдетуге басымдық беріп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет көмекті азаматтарға барынша ыңғайлы әрі қолжетімді ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Басты мақсатымыз – қағазбастылықты азайтып, адамдардың мемлекеттік органдарға бару қажеттілігін барынша қысқарту. Әсіресе жүкті әйелдер мен жас аналар үшін бұл өте маңызды. Күнделікті миллиондаған қазақстандық пайдаланатын мобильді қосымша арқылы қажетті қызметті алу – цифрландырудың нақты нәтижесі. Енді әлеуметтік қолдауды алу бұрынғыдан да оңай әрі жылдам бола түсті», – деді вице-министр.

Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді қашықтан рәсімдеу мүмкіндігі қазірдің өзінде толық іске қосылды. Жұмыс істейтін және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы әйелдер Kaspi.kz қосымшасындағы «Гид» бөлімінен өтініш беру тәртібі көрсетілген қадамдық нұсқаулықпен таныса алады.

Қызмет – әлеуметтік төлемдерді азаматтардың өтінішін күтпей, алдын ала тағайындауға мүмкіндік беретін проактивті қызметтерді дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Бұл бағыттағы басты мақсат – мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін барынша жеңілдету, азаматтардың уақытын үнемдеу және әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдарға қажетті көмекті ыңғайлы, жылдам әрі уақтылы жеткізу.

Еске сала кетейік, 2027 жылы әлеуметтік сала мен нақты секторға 14,4 трлн теңге бағытталады.