Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі қалай айқындалады
Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін (КЕҚАД) белгілеу тәртібін, оны айқындау негіздерін және қайта куәландыру ерекшеліктерін түсіндіреді.
КЕҚАД белгілеу өндірістік жарақат алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан қызметкерлер үшін өзекті болып табылады. Бұл ретте КЕҚАД пен мүгедектікті ажырата білу маңызды. КЕҚАД өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру салдарынан адамның кәсіби немесе қызметтік міндеттерін орындау қабілетінің қаншалықты төмендегенін көрсетеді. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
КЕҚАД қалай белгіленеді?
Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі пайызбен белгіленеді: 5-29, 30-59, 60-89 және 90-100 пайыз.
Сараптама жүргізу кезінде өндірістік жарақаттың немесе кәсіптік аурудың салдары, ағза функцияларының бұзылу деңгейі, жұмысты жалғастыру мүмкіндігі, еңбек жағдайларын өзгерту, біліктілікті төмендету немесе арнайы жұмыс орнын құру қажеттілігі ескеріледі.
Маңыздысы – диагноздың өзі КЕҚАД пайызын анықтамайды. Бірдей ауруы бар екі адамның кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі аурудың салдары мен атқаратын жұмысының сипатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
МӘС-ке кім жолдама береді?
Медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жолдаманы медициналық ұйым рәсімдейді. Онда денсаулық жағдайы, тексеру нәтижелері, емдеу және оңалту туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар МӘС өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру фактісін анықтамайды. Сарапшылар расталған өндірістік жағдайдың салдарын және кәсіптік еңбекке қабілеттіліктің шектелу дәрежесін бағалайды.
Жұмысты жалғастыруға бола ма?
Иә. КЕҚАД белгіленуі еңбек қызметіне автоматты түрде тыйым салуды білдірмейді.
Денсаулық жағдайына қарай адам еңбек жағдайларын өзгерте отырып, жұмыс уақытын қысқарту, зиянды факторларды алып тастау, жұмыс көлемін немесе сипатын өзгерту, не арнайы жұмыс орнын құру арқылы жұмысын жалғастыра алады.
Белгілі бір жұмысты жалғастыру мүмкіндігі медициналық қарсы көрсетілімдер мен белгіленген кәсіптік еңбекке қабілеттіліктің шектелу дәрежесін ескере отырып айқындалады.
КЕҚАД қандай мерзімге белгіленеді?
КЕҚАД 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленуі мүмкін.
Мерзім денсаулық жағдайын, оңалту болжамын, емдеу нәтижелерін және бұзылған функцияларды қалпына келтіру мүмкіндігін ескере отырып анықталады.
Қайта куәландыру кезінде денсаулық жағдайының динамикасы, емдеу мен оңалтудың тиімділігі, кәсіби шектеулердің сақталуы және еңбекке қабілеттілікті қалпына келтіру мүмкіндігі бағаланады. Сондықтан бұрын белгіленген пайыз автоматты түрде ұзартылмайды, әр жолы сараптамалық бағалау жүргізіледі.
Егер азамат шешіммен келіспесе
Азамат МӘС шешімі бойынша түсіндірме алуға және оны заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
КЕҚАД анықтау кезінде диагноздар саны емес, өндірістік жарақаттың немесе кәсіптік аурудың салдары және олардың кәсіби қызметке әсері ескеріледі. Объективті бағалау жүргізу үшін толық медициналық құжаттама мен еңбек қызметі туралы мәліметтерді ұсыну қажет.
МӘС жүйесі сараптамалық шешімдердің объективтілігі мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жетілдірілуде, оның ішінде цифрландыру және сырттай форматты дамыту арқылы.