Ескерту: Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі атынан жалған хаттар таратып жатыр

Ескерту: Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі атынан жалған хаттар таратып жатыр
Фото: magnific.com

Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың агенттік атынан жалған ресми хаттар таратуы әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Агенттікке осындай жалған хат таратудың тағы бір дерегі туралы ақпарат келіп түсті. Мемлекеттік органға жолданған хатта қаскөйлер тексеру жүргізіліп жатқанын алға тартып, азамат туралы мәліметтерді, соның ішінде оның мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан.

Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді қолданған. Олар жалған хаттарды жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін ҚМА қызметкері ретінде таныстырған. Түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға тырысқан немесе ақша бопсалаған.

Агенттік ескертеді:
-  Агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданады;
-  ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шотының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді;
-  құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне ғана сүйеніп, оған сенуге болмайды;
-  күмәнді хат алсаңыз, оның шынайылығын агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз.

Бейтаныс адамға жеке және банк деректерін бермеңіз, олардың нұсқауымен ақша аудармаңыз.

Күмән туындаған жағдайда агенттіктің 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 телефоны арқылы кезекші бөлімге хабарласыңыз.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтар мен ұйымдарды сақ болуға және алаяқтарға алданбауға шақырады.