Есірткіге қарсы күрес: Астанада жастар мен отбасылар арасында Quiz өтті
Астанада «Esirtkisiz Elorda – Дені сау ұрпақ» жобасы аясында және есірткіге қарсы құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар шеңберінде отбасылық және жастар командалары арасында зияткерлік Quiz ойыны өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қатысушылар тарих, мәдениет, ғылым және кино салаларындағы сұрақтарға жауап беріп, эрудициясы мен логикалық ойлау қабілетін сынады. Ойын бағдарламасына есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарының алдын алу және жауапты мінез-құлық жөніндегі сұрақтар да енгізілді.

Іс-шараның ерекшелігі отбасылық және командалық форматта өтті. Бір үстел басында әртүрлі буын өкілдері бас қосып, сұрақтарға бірге жауап беріп, өзге командалармен бақ сынасты.
«Меніңше, дәрістер, әрине, жақсы. Бірақ кейде олар соншалықты қызықты бола бермейді. Ал куиз сияқты жарыс форматы әлдеқайда қызықты, өйткені командамен жұмыс істейсің, өзгелермен жарысасың және жеңіске жетуге ұмтыласың. Сонымен қатар бұл – жаңа адамдармен танысып, достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік», – деді Жанайым есімді қатысушының бірі.
Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың салауатты өмір салты мен ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға да мүмкіндік береді.
«Біз команда болып дайындалдық және, әрине, жүлделі орын алғымыз келеді. Бірақ ең бастысы – тәжірибе жинау, сұрақтарға жауап беру және мәдениет, тарих, есірткі қылмыстарының алдын алу туралы жаңа ақпарат білу. Кейін бұл білімімізді өзгелермен бөліскіміз келеді», – деді ол.

Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызының айтуынша, Quiz профилактикалық жұмыстың жаңа форматына айналды.
«Жыл басынан бері елордалық полицейлер есірткіге қарсы бағытта 400-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді. Оның ішінде акциялар, спорттық іс-шаралар, семинарлар, кездесулер және дөңгелек үстелдер бар. Биыл біз алғаш рет Quiz өткізіп отырмыз және профилактикалық жұмысты жаңа деңгейге көтергіміз келеді», – деді ол.

Оның сөзінше, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – есірткі қылмыстарымен күресіп қана қоймай, есірткіге деген сұранысты азайту.
«Біз үшін отбасыларды, жастарды және ұжымдарды біріктіру, салауатты өмір салтының заманауи әрі қызықты екенін көрсету маңызды. Жастардың талғамы әртүрлі: біріне дәріс ұнаса, екіншісіне спорт, ал енді біріне командалық зияткерлік ойын қызық. Сондықтан әртүрлі форматтарды қолданып жатырмыз», – деп атап өтті полиция өкілі.

Ол сондай-ақ жыл басынан бері Астанада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 400-ден астам құқық бұзушылық анықталғанын хабарлады. Есірткі өткізумен айналысқан адамдарға қатысты 250-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз айналымнан түрлі есірткі заттарының 450 келіден астамы, оның ішінде 15 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.
«Қазір жастарды есірткі ортасына тартуға әрекет жасайтындар аз емес. Сондықтан біздің міндетіміз – есірткіні жеткізу арналарының жолын кесіп, қылмыскерлерді анықтап қана қоймай, есірткіге деген сұранысты азайту бағытында да жұмыс істеу», – деді Әлия Қибатқызы.
Іс-шараны Астана қаласының Полиция департаменті Ішкі саясат басқармасы, Білім басқармасы және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушыларға бағалы және ақшалай сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.
Осылайша, елордадағы профилактикалық жұмыстар интерактивті форматтармен толықтырылып, қауіпсіздік, салауатты өмір салты мен жауапкершілік мәселелерін жастарға, отбасыларға және әртүрлі буын өкілдеріне бірге жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Бұдан бұрын Есіл жағалауында «Ашық микрофон» атты есірткіге қарсы акция ұйымдастырылғанын жазған болатынбыз.