Елордада сарбаздар өз таңдауын жасады
Астана қаласы «Алматы» ауданындағы №72 сайлау учаскесінде орналасқан «Айбын» Президенттік полктің 0112 әскери бөлімінің сарбаздары референдумға қатысып, өз дауыс берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Таңертеңнен бастап әскери бөлімнің жас сарбаздары азаматтық борыштарын орындап, маңызды саяси науқаннан тыс қалмады.
Ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылданатын күнде сарбаздар да белсенділік танытып, сайлау учаскесіне келді.
«Референдумда алғашқы рет дауыс беріп жатырмын. Біздің еліміз үшін референдум маңызды сәт деп ойлаймын. Бұл – еліміздің өркендеп өсуіне тағы бір қадам. Бүгін әр адам дауыс беруі керек. Өйткені бұл мемлекеттік маңызды кезең. Заман ағымына сай жаңа Конституция мемлекетімізді көркейте түсетініне сенімдімін. Бүгін де біздің сарбаздардың барлығы дауыс береді», - деді «Айбын» Президенттік полкының сарбазы Абылайхан Қадырхан.

Әскери бөлім сарбаздарының айтуынша, Отан алдында ант берген жас жауынгерлер елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаларға қатысуды азаматтық парыз санайды. Сондықтан референдумға қатысып, өз таңдауын жасау олар үшін үлкен жауапкершілік.

Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмыс істеп тұр. Онда азаматтар күні бойы келіп, өз таңдауын жасай алады.