Елордада прокуратура бастамасымен жастар арасында гимнастика жарысы өтті
Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Жас Үміт» жобасын іске асыру аясында балалар мен жастар арасында спорттық гимнастикадан қалалық турнир өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасына сілтеме жасап.
Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға, дарынды жастарды қолдауға және өскелең ұрпақты спортқа тарту арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
Турнирдің салтанатты ашылуына Париж Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Нариман Құрбанов қатысып, жастарды тәрбиелеудегі, тәртіпті, мақсаткерлікті және жоғары нәтижелерге ұмтылысты қалыптастырудағы спорттың маңыздылығын атап өтті.
Турнир жас спортшылардың басын қосып, оларға өз қабілеттерін көрсетуге, тәжірибе алмасуға және одан әрі дамуға қосымша ынталандыру алуға мүмкіндік берді.
Прокуратура өкілдері мұндай бастамалар заңдылық, жауапкершілік және салауатты өмір салты құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ жастардың жан-жақты дамуы мен өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасауға ықпал ететінін атап өтті.