Елордада кезекті қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астана қаласында отандық өнімдерді қолдау және қала тұрғындарын сапалы тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Keryen Joly» сауда орталығының аумағында ұйымдастырылған бұл шараға түрлі өңірден келген фермерлер мен ірі өндірушілер өнімдерін ұсынды. Елорда тұрғындары мен қонақтары сөрелерден көкөніс-жемістерді, ет, сүт және ұн өнімдерін, сондай-ақ табиғи шырындар мен тосаптарды қолжетімді бағада сатып алып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкедегі тауар алуандығы тұрғындар көңілінен шығып отыр.
«Бұл жәрмеңке қаламызда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсатымыз - делдалсыз, тікелей өндірушіден тұтынушыға өнім жеткізу. Бұл жолы да еліміздің түкпір-түкпірінен келген шаруалар өте жақсы дайындықпен, мол өніммен келді. Сауда қызу өтіп жатыр. Қала тұрғындарына ең сапалы, табиғи өнімдер ұсынылды»,- деді ұйымдастыру комитетінің өкілі Айтуған Күзербаев.
Жәрмеңке өтіп жатқан аумақта бірнеше ірі көтерме сауда орталығы орналасқан. Елордалықтар бұл базарларды тиімді бағада ірі көлемде азық-түлік сатып алуға мүмкіндік беретін сауда нүктелері ретінде біледі. Ал өңірден келген ауыл шаруашылығы өнімін ұсынушылар да осы сұранысты қанағаттандыруға ниеттеніп отыр.
«Жәрмеңкеге Абай облысының орталығы Семей қаласынан келдім. Өзіміздің «Байқоңыр» шаруашылығының өнімдерін сатып жатырмыз. Сиыр етінің келісін қолжетімді бағаға 2800-3000-нан беріп жатырмыз. Жылқы еті 3000-3200 теңгеден. Бұл жәрмеңке бізге де өте қолайлы, малымыздың етін өзімізге және тұрғындарға да қолайлы бағаға сатып жатырмыз. Жәрмеңке үшін барлық жағдай жасалған. Қала әкімдігіне алғыс айтамыз», - деді ет өнімін сатушы Лаура Монсызбаева.
Шараның басты мақсаты - отандық фермерлердің өнімдерін өткізуге қолдау көрсету, сондай-ақ еліміздегі ішкі сауданы дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту.

Авторы: Анель Фархатқызы