Елордадағы университеттде жаңа Конституцияның ғылыми-техникалық сала үшін маңызы түсіндірілді

Елордадағы университеттде жаңа Конституцияның ғылыми-техникалық сала үшін маңызы түсіндірілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңа Конституцияны насихаттау, оның негізгі ережелерін және ғылыми-техникалық сала үшін маңызын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға заңгер ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессорлары, қоғам қайраткерлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Жиынды заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимов жүргізді. Университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы Конституцияның мемлекет негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін басты құжат екенін атай келіп, жаңа Конституцияның негізгі ережелерін кеңінен түсіндіру, оның қоғам өміріндегі рөлін насихаттау, әсіресе жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен азаматтық жауапкершілігін арттыру бүгінгі күннің маңызды міндеттің бірі екенін айтты. Сондай-ақ Конституцияны құрметтеу ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі екенін айрықша атап өтті.

Дөңгелек үстелде заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы аясындағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерін баяндады. Саяси ғылымдарының докторы, профессор Наталья Калашникова Конституцияның ғылым мен білім беру жүйесін дамытудағы рөліне назар аударды.

Сондай-ақ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова конституциялық жаңару жағдайындағы қоғамдық келісім мен азаматтардың қатысуы мәселесін көтерсе, Республикалық медиация кеңесінің және Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов әділетті Қазақстан құрудағы диалог мәдениеті мен қоғамдық келісімнің конституциялық негіздері туралы баяндама жасады.

Іс-шара барысында қатысушылар Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді нығайту және ғылым-білім саласын дамытудағы маңызы жөнінде пікір алмасты.

Еске салсақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов Конституциялық реформалардың мәні мен қоғамға ықпалы туралы пікір білдірді.