Астанада экологиялық мәдениетті қалыптастыру іс-шаралары тұрақты жүргізіліп жатыр
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында Нұра ауданының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында қоғамдық орындарды ластау, қоқысты белгіленбеген орындарға тастау, абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда суға түсу фактілері анықталуда. Аталған құқық бұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік жауаптылық көзделген.
Экологиялық нормаларды сақтау, тазалықты қамтамасыз ету және жаппай демалыс орындарында азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Прокуратура елорда тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, заңнама талаптарын сақтауға, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге және тек шомылуға рұқсат етілген орындарда ғана демалуға шақырады.
Тазалық, қауіпсіздік және құқықтық тәртіп – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.