Қазақстанда жұмыс істейтіндердің 77%-дан астамы жалдамалы қызметкер
2026 жылғы II тоқсанда Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,5% болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистикалық бюроға сілтеме жасап.
Бұл көрсеткіш жұмысы жоқ, оны белсенді іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын азаматтарды қамтиды.
Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректеріне сәйкес, осы кезеңде елдегі жұмыс күшінің саны 9 млн 844,5 мың адамды құрады. Оның ішінде 9 млн 399,9 мың адам түрлі экономикалық салаларда жұмыспен қамтылған. Олардың 7 млн 253,2 мыңы немесе 77,2%-ы жалдамалы қызметкерлер, ал 2 млн 146,7 мыңы немесе 22,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болды. Ал 15 және одан жоғары жастағы халық арасындағы жұмыспен қамту деңгейі 64,3%-ды құрады.
«Өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 99,5 мың адамға өсті, негізінен жалдамалы қызметкерлердің есебінен өсті», - делінген хабарламада.
Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі сауда саласында – 16,8%, білім беруде – 13,3%, өнеркәсіпте – 12,4% және ауыл шаруашылығында – 10,5% еңбек етеді.
Сонымен қатар, жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін NEET жастарының үлесі 5,7% болды. Ал 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9%-ды құрады.
Маусым айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 333,1 мың адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жалпы жұмыс күшінің 3,4%-ын құрады.