Елімізде вейп саудасына қатысты 25 дерек тоқтатылды
Қазақстанда электронды тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынған, алайда кей адамдар оларды елге заңсыз әкеліп, сатып, миллиондаған заңсыз табыс табу үстінде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тыйым салынған өнімнің негізгі тұтынушылары жастар мен кәмелетке толмағандар болуы алаңдатарлық мәселеге айналды. Бұл жастардың никотинге тәуелділігін арттырып, олардың денсаулықтарына қауіп төндіреді.
«Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатты. Қазір 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданды», - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда ҚМА Астана департамент вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр. Өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселер пайдаланылған. Сауда интернет-дүкендер, сондай-ақ Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген. Із жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары қолданылған. Ал сатып алушыларға «тұрмыстық техника сатып алдық» деп айту ұсынылған. Бұл шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 млрд теңгеден асқан.
Қарағанды облысында Telegram-да вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Олар төрт қойманы, интернет-дүкен операторларын және курьерлерді пайдаланып, заңсыз схема құрған. Тінту кезінде құны 340 млн теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді.
Ұлытау облысында вейптерді «дропперлер» арқылы заңсыз сатуды ұйымдастырған екі жергілікті тұрғынға айыптау үкімі шықты. Ақшаны алу және аудару үшін олар курьердің атына рәсімделген банк шотын пайдаланған. Сот әрқайсысына төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен түскен табысты тәркілеуге шешім шығарды.
Қаржылық мониторинг агенттігі электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сату, сондай-ақ мұндай әрекеттен түскен табысты заңдастыру қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін ескертті.
Еске салсақ, Астанада алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға қарсы рейд өтті.