Елімізде көкжөтелмен ауырғандар саны 2,8 есеге төмендеді
Жыл басынан бері елімізде көкжөтелдің 76 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 2,8 есеге төмендегенін көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Мамандардың мәліметінше, оң динамика вакциналау және балаларды толықтырып иммундау жұмыстарының жүргізілуімен байланысты. Сонымен қатар, сырқаттанғандардың 88%-ы екпе алмаған балалар құрайды – 67 жағдай. Екпе алмаған сырқат балалардың ішінде: 69%-ы ата-аналардың профилактикалық екпелерден бас тартуынан; 22%-ы медициналық қарсы көрсетілім болған; 9%-ы екпе жасына жетпеген.
«Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау көкжөтелдің алдын алудың және аурудың ауыр асқынуларының, әсіресе ерте шақтағы балалардың арасында, алдын алудың ең тиімді тәсілі болып қала беретінін еске салады. Осылайша, биылғы жылдың 4 айында көкжөтелге қарсы жоспарлы вакциналаумен 178,9 мың бала қамтылды, оның ішінде: 1 жасқа дейінгі 51,6 мың бала; 1 жастағы 46,7 мың бала; 6 жастағы 80,7 мың бала», делінеді хабарламада.
Бұдан бөлек, белгіленген мерзімде екпе алмаған балаларды толықтырып иммундау жалғасуда.
«Жыл басынан бері көкжөтелге қарсы вакциналаумен екпе алмағандар қатарынан 18 жасқа дейінгі 64,6 мың бала мен жасөспірім қосымша қамтылды. Бұл жұмыс қолда бар вакциналарды пайдалана отырып жүргізілуде және жалғасады. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдармен бірлесіп, инфекциялық аурулардың, оның ішінде көкжөтелдің алдын алу мәселелері және профилактикалық екпелерді уақытылы алудың маңыздылығы бойынша халықтың арасында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», деп хабарлады ведоствоның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, елімізде тегін дәрі-дәрмек алушылар саны 3,4 млн-ға жетті.