Референдум-2026

Домбыра әр баланың жүрегінде тербелуі тиіс – Аида Балаева

Домбыра әр баланың жүрегінде тербелуі тиіс – Аида Балаева
Фото: gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық домбыра күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, домбыраның ұлттық болмыс пен рухани мұраны сақтаудағы айрықша маңызын атап өтті. Бұл туралы министр Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Министрдің сөзінше, бұл мереке ұлттық құндылықтарды ұлықтап қана қоймай, өскелең ұрпақтың дәстүрлі өнер мен төл мәдениетке деген қызығушылығын арттырады.

«Домбыра – мәдениетіміздің ғана емес, елдік мұратымыздың, ортақ тарихымыз бен баянды болашаққа деген сеніміміздің де қастерлі нышаны», – деп жазды Аида Балаева.

Ол биылғы Ұлттық домбыра күні жаңа Конституцияның күшіне енген кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударып, бұл қоғамдағы бірлік, азаматтық жауапкершілік және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерінің маңызын арттыра түскенін айтты.

Жазбада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық домбыра күніне қатысты айтқан пікіріне де тоқталды.

«Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күні ұлттық болмысымызды айшықтап, халқымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың рухын асқақтататынын атап өтті. Сондай-ақ Президент Қадыр Мырза Әлидің «Нағыз қазақ – домбыра» деген қанатты сөзін еске салды», – деді министр.

Аида Балаеваның сөзінше, домбыраны дәріптеу арқылы ұлттық өнердің мәртебесі артып, қазақтың киелі аспабы Қазақстанды әлемге танытатын бірегей брендке айналуға тиіс.

Сонымен қатар министр елімізде Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтіп жатқанын жеткізді.

«Қазақстанның барлық өңірінде 2 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Концерттер, фестивальдер, күйшілер байқауы, көрмелер, конференциялар, музей және кітапхана жобалары өтеді. Жалпы мерекелік іс-шараларға 2 миллионнан астам адамның қатысуы күтілуде», – деп жазды Аида Балаева.

Министр балалар мен жастар арасында домбыраның кеңінен насихатталып келе жатқанын ерекше атап өтіп, бұл ұлттық дәстүрдің заман талабына сай жаңғырып жатқанын айтты.

Сондай-ақ ол мереке аясында өтіп жатқан республикалық #dombrakuni челленджіне қатысуға шақырды.

«Біздің ортақ міндетіміз – осы баға жетпес мұраны сақтап қана қоймай, оны жаңа буынға жақын, түсінікті әрі шабыт беретін құндылық ретінде дәріптеу. Домбыра әр шаңырақта күмбірлеп, әр баланың жүрегінде тербеліп, әр қазақстандықтың рухани әлемінде жаңғырып тұруы тиіс», – деп түйіндеді министр.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 5 шілде күні Астанада Домбыра күніне орай мультимедиалық шоу өтеді