Digital Nauryz: Астанада өздігінен жүретін көлік сынақтан өтті
Астана қаласында Наурыз мейрамын жалпы қалалық мерекелеу аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Лу Бань шеберханасының жүргізушісіз автокөлігі жүріп өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Автокөлікті бағдарламалау және маршрут картасын әзірлеуді шеберхана қызметкерлері жүзеге асырды.
Іс-шараны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Астана қаласының әкімдігі және Astana Innovations ұйымының қолдауымен ұйымдастырды.
Көрсетілімдік жүріс қалалық мерекелік іс-шаралар алаңында өтіп, заманауи технологияларды кең аудиторияға танытуға бағытталған бағдарламаның бір бөлігі болды. Мереке қонақтары пилотсыз көліктің жұмысын тікелей көріп, оның қалалық ортада қолданылу мүмкіндіктерін бағалады.

Өздігінен жүретін автокөлік Smart City инфрақұрылымына жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндігін көрсетті.
Атап айтқанда, навигация жүйелері, деректерді өңдеу және қалалық ортамен өзара әрекеттесу шешімдері таныстырылды. Алдағы уақытта мұндай технологиялар қалалық инфрақұрылымға кезең-кезеңімен енгізіліп, оның ішінде жүргізушісіз такси қызметін іске қосу да интеллектуалды көлік жүйесін дамытудың маңызды бағыттарының бірі болмақ.
Биыл Наурыз мерекесі жаңа форматта – Digital Nauryz аясында өтіп жатыр. Бұл бастама елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылымен ұштасып отыр.