БҰҰ форумында мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект мәселесі талқыланды
Мемлекеттік қызметкерлер ЖИ мен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдік мәселесін БҰҰ Форумында талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана мемлекеттік қызмет хабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тбилисиде Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірінен келген 40-тан астам мемлекеттік қызметші мен сарапшылар «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект: тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдік» атты өңіраралық семинарға қатысты. Іс-шара 2026 жылғы БҰҰ Мемлекеттік қызмет форумы аясында ұйымдастырылды.

Қатысушылар есеп беру, ашықтық, инклюзивтілік және шешім қабылдауда адамның жетекші рөлін сақтай отырып, жасанды интеллект қалай мемлекеттік сектор тиімділігін арттыра алатындығы жайын талқылады.
Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов жиынды аша отырып, адам мен жасанды интеллект қатар өмір сүретін дәуір мемлекеттік басқаруды жетілдіруде жаңа мүмкіндіктер беретіндігін айтты. Сонымен қатар ЖИ қарқынды дамуы ашықтық, деректерді қорғау, адам құқықтарын сақтау және этикалық қағидаттарға, сондай-ақ, тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолдарын іздестіруге айрықша назар салуды қажет ететіндігіне тоқталды. Ол ЖИ дамуымен байланысты мүмкіндіктер мен сынақтар ғаламдық сипатқа ие екендігін және бұл халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасуды қажет ететіндігін атап өтті.

Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігіне қарасты ЖИ үкіметі офисі директоры Джинхон Сим «ЖИ-демократиялық үкімет» тұжырымдамасын қатысушыларға таныстырды. Онда жасанды интеллект тек технология ретінде ғана емес, азаматтар өмір сапасын арттырудың, олардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтудің және неғұрлым ашық, жауапты әрі адамға бағдарланған мемлекет қалыптастыру құралы ретінде қарастырылған. Сондай-ақ оның инклюзивті цифрлық трансформация тетігі екендігі де айтылды.
Грузия әділет министрі орынбасары Тамар Зоделава, бастамаға қатысушы елдер атынан Бангладеш Халық Республикасы Пошта, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар министрі Факир Махбуб Анам, БҰҰ Даму бағдарламасы Грузиядағы Тұрақты өкілі Дуглас Уэбб қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара барысында Корея Республикасы ішкі істер мен қауіпсіздік министрлігі, БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті, Дүниежүзілік банк, Халықаралық электр байланысы одағы және Румынияның ұлттық информатика саласындағы зерттеулер институты өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың презентациялары ЖИ басқару, есеп беру, цифрлы қоғамдық инфрақұрылым және мемлекеттік секторда сенімді ЖИ қолданудың заманауи үрдістеріне арналды.
Интерактивті пікір алмасу кезінде қатысушылар мемлекеттік секторға ЖИ енгізумен байланысты басты жаңа мүмкіндіктер мен сынақтар жайлы ой бөлісті. Олар институционалды даярлыққа, басқару біліктілігін арттыруға және қоғамдық сенімді нығайту мәселелеріне баса назар аударды.

12 мемлекет өкілдері ЖИ енгізу бойынша өз елдеріндегі ұлттық тәжірибелерін баяндап, табыстары мен алдағы сынақтар, даму басымдылықтарын ортаға салды.
Сонымен қатар, Әлихан Байменов Бангладеш Халық Республикасы пошта, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар министрі Факир Махбуб Анаммен, Камбоджа Корольдігі пошта және телекоммуникациялар министрі Вандет Чеамен, Филиппин Республикасы ақпарат және коммуникациялық технологиялар вице-министрі Дэвид Альмиролмен және Лаос Халық-Демократиялық Республикасы технологиялар және коммуникациялар министрлігі бас директоры Тависак Манодхаммен екіжақты кездесулер өткізді. Сондай-ақ ол БҰҰ мен Еуропа Кеңесінің өкілдерімен жүздесті. Келіссөздер барысында тараптар цифрлық мемлекеттік басқару саласында ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Семинарды Астана мемлекеттік қызмет хабы, Қазақстандағы БҰҰДБ, Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі және Корея Республикасы Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі Грузия Әділет министрлігімен серіктестікте ұйымдастырды.
Айта кетейік, семинар БҰҰДБ, Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі, Корея Республикасының Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі және Астана мемлекеттік қызмет хабы жүзеге асырып отырған өңіраралық жоба аясында өтуде. Жоба Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 еліндегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоба шеңберінде (2024–2026 жж.) цифрлық трансформация мен цифрлық мемлекеттік басқаруды ілгерілету мақсатында семинарлар, зерттеу іс-шаралары және Корея Республикасына таныстыру сапарлары ұйымдастырылуда.