Бурабайда кәуап пісірген туристерге айыппұл салынды
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторлары кезекті рейдтік іс-шаралар барысында орман алқабында кәуап дайындау үшін от жаққан туристерді анықтады. Оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық табиғи парктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандардың мәліметінше, өрт қаупінің жоғары деңгейіне және қолданыстағы шектеулерге қарамастан, орманға келушілер өрт қауіпсіздігі талаптарын елемей жүр.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған демалушыларға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді, оған сәйкес туристерге 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Кезекті рейдтердің қорытындысы бойынша мемлекеттік инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жалпы саны 15 дерегін анықтады.
Тексеру барысында автокөліктердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына шығуының 6 дерегі, су айдындарының жағалау аймағына шығуының 7 дерегі, сондай-ақ палаткаларды арнайы белгіленбеген орындарға тігу фактілері тіркелді.
Одан бөлек ұлттық парк үшін өзекті мәселелердің бірі – демалушылардың қалдырып кететін қоқыс көлемінің көптігі екені ерекше атап өтілген.
«2026 жылдың алғашқы жеті айында ғана «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында келушілер 2 850 текше метр қатты тұрмыстық қалдық қалдырған. Бұл көлемі 50 литр болатын шамамен 57 мың қап қоқысқа тең», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада «Жерұйық» саябағында қоғамдық орынды ластаудың алдын алуға бағытталған рейд өткізілгені туралы жаздық.