Beijing International Book Fair көрмесінде Қазақстанның ұлттық стенді таныстырылды
Қазақстан Бейжің қаласында өтіп жатқан әлемдегі ең ірі кітап көрмелерінің бірі – Beijing International Book Fair көрмесіне қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл еліміз аталған халықаралық алаңда арнайы ұлттық стендін ұсынып отыр. Ұлттық стендте шетелдік оқырмандарды қазақ әдебиетімен, Қазақстанның тарихы және мәдениетімен таныстыратын 100-ге жуық отандық басылым ұсынылған.
Аталған көрмеге ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен Ұлттық кітапхананың, сондай-ақ еліміздің жетекші баспаларының өкілдері қатысуда.
«Beijing International Book Fair-ге әлемнің түкпір-түкпірінен келген баспагерлер, қаламгерлер, аудармашылар және авторлық құқық саласының мамандары қатысуда. Қазақстанның көрмеге қатысуы отандық әдебиетті шетелде кеңінен насихаттауға, жаңа аударма жобаларын жүзеге асыруға және халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді», деп хабарлады ведомствоның бапасөз қызметі.
Айта кетейік, көрме 21 маусымға дейін жалғасады.
Еске салсақ, Қазақстан мен Қытай кітап шығару және аударма саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді.