Бас прокуратура 240 мың қаралым жинаған жалған видео туралы ескерту жасады
Бас прокуратура әлеуметтік желілерде кең таралған «онлайн I консультация беру және қолдау құқығы» туралы бейнероликке қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Аталмыш видео 240 мыңнан астам қаралым жинаған. Онда азаматтарға мемлекеттік орган атынан ақшаны қайтаруға көмектесеміз деген жәрдем беру ұсынылады.
Тексеру барысында бұл бейнероликтің жасанды интеллект негізінде, яғни, дипфейк технологиясын қолдану арқылы жасалғаны анықталды. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды адастырып, олардың қаражатын иемдену.
«Қазақстан Республикасында осы бейнероликте аталған «Инвестицияларды бақылау агенттігі» деп аталатын мемлекеттік органның жоқ екенін хабарлаймыз. Құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің бейнелерін осындай материалдарда пайдалану азаматтардың алаяқтық схемаларға деген сенімін арттырудың бір жолы», деп ескертті Бас прокуратура.
Қазір Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі аталған бейнематериалды дайындауға және таратуға қатысы бар адамдарды анықтауға, оларды заңнамаға сәйкес жауапқа тартуға бағытталған тексеру ұйымдастырды.
Бас прокуратура азаматтарды әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, өзге де интернет-ресурстарда таратылатын ақпаратқа сыни көзқараспен қарауға, күмәнді сілтемелерді ашпауға және жеке деректерді не ақшалай қаражатты үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.
«Мемлекеттік органдар мессенджерлер, әлеуметтік желілер немесе бөгде онлайн-платформалар арқылы ақша қаражатын қайтару бойынша қызмет көрсетпейтінін естеріңізге саламыз. Мұндай фактілер болған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе «102» - ге хабарласуды сұраймыз», делінген хабарламада.
Еске салсақ, Шымкентте ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті ұсталды.