«Әзірет Сұлтан» музей-қорығында Ясауи мұрасы туралы анимациялық фильмнің таныстырылымы өтті

Бүгін, 11:33
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығында Ясауи мұрасы туралы анимациялық фильмнің таныстырылымы өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында «Ясауи атамыздың шын қазынасы» атты анимациялық фильмнің таныстырылымы өтті. Балаларға арналған туынды Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын насихаттап, ғұлама хикметтерінде көрініс тапқан адамгершілік құндылықтарды дәріптейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

Анимациялық фильмнің авторы Сұлтан Байсейіт Ясауитану ғылыми орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, жасанды интеллект көмегімен әзірледі.

Таныстырылымда музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов жас ұрпаққа Ясауи мұрасын заманауи әрі түсінікті тәсілмен танытудың маңызын атап өтті.

Көрсетілімнен кейін оқушылар Ясауидің өмірі мен ілімі туралы сұрақтарға жауап беріп, фильмнен алған әсерлерін бөлісті. Сондай-ақ балаларға естелік сыйлықтар табысталды. Туындыны талқылауға ғалымдар, музей қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.

Жоба Ясауи іліміндегі мейірім, адалдық, ізгілік пен білімді балаларға кеңінен насихаттауды көздейді. Алдағы уақытта музей-қорық осы бағыттағы танымдық жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда Қожа Ахмет Яссауидің «Құдіретнама» еңбегі алғаш рет қазақ тілінде жарық көргені туралы жаздық.